АИТВ-ның алдын алу мақсатында Марқакөл ауылындағы мектеп-интернат-колледж базасында ақпараттық дәріс ұйымдастырылды. Кездесуге облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог-дәрігері Аукенова Аяулым спикер ретінде қатысты.
Дәріс барысында қатысушылар келесі маңызды тақырыптармен танысты:
• АИТВ жұғу жолдары мен алдын алу әдістері;
• Тұрақты түрде тексеруден өту қажеттілігі – симптомдар болмаса да тест тапсырудың маңыздылығы және ЖИТС орталығында қалай анонимді тексерілуге болатыны туралы;
• Психоәлеуметтік аспектілер – АИТВ төңірегіндегі қорқыныш пен стигманы қалай жеңуге болатыны, жақын адамдарға қолдау көрсету және басқаларға қауіп төндірмеу жолдары.
Аукенова Аяулым әр адамның ақпараттануы мен жауапкершілігі – қоғам денсаулығының кепілі екенін атап өтті. Дәріс соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ЖИТС орталығының тегін кеңес беру қызметтері мен сенім телефондары көрсетілген ақпараттық парақшалар алды.